2025 жылғы 16 мамырда Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Маңғыстау облысының прокуроры Айдос Майлыбаевтың төрағалығымен облыстық әкімдік пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Mangystau Future 2025» өңірлік инвестициялық форумы өткізілді.
Форум аясында прокуратура тарапынан кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижелері ұсынылды, оның ішінде соңғы бір жылда өнеркәсіп, логистика, салық саласы және мемлекеттік сатып алулар бағыттарында ондаған жүйелі мәселелер шешіліп, көптеген әкімшілік кедергілер жойылды.
Атап айтқанда, прокурорлық қадағалау нәтижесінде 300 млрд теңге көлеміндегі жобалары бар 50-ге жуық инвесторлардың мәселелері оң шешімін тапты, мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардың 17 заңсыз актілері жойылып, монополистер тарапынан шарттық міндеттемелердің орындалуы қамтамасыз етілді және басқа да нәтижелерге қол жеткізілді.
Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше назар аударылды. Өңірдің импортқа тәуелділігінің тым жоғары екені атап өтілді – жыл сайын шамамен 50 млрд теңгеге азық-түлік сырттан тасымалданады, ал көкөністер мен жемістердің үстеме бағасы 300%-ға дейін жетеді.
Осыған байланысты, прокуратура жылыжай шаруашылығын субсидиялау шарттарын жеңілдету, шағын және орта бизнесті аграрлық бағдарламаларға тарту, сондай-ақ Каспий теңізінің акваториясында тор қоршамада балық шаруашылығын дамыту бойынша бірқатар шараларды ұсынды.
Қорытынды сөзінде облыс прокуроры Айдос Майлыбаев Бас Прокурормен белгіленген міндетке назар аударды – бизнесті жүргізу мен инвестиция тарту үдерісін барынша ашық, түсінікті және жеңіл ету. Осы тапсырманы орындау шеңберінде Маңғыстауда бюрократиялық кедергілерді кезең-кезеңімен жоюдың және инвесторлардың сұраныстарына жедел жауап қайтару бойынша шаралар қабылдануда.
«Маңғыстау Қазақстанның батысындағы басты инвестициялық және туристік орталыққа айналуы тиіс. Қолайлы инвестициялық ахуал жаңа жұмыс орындарының ашылуына, өңір инфрақұрылымының дамуына және туризм индустриясының өсуіне ықпал етеді. «Заң және Тәртіп» қағидаты аясында біз заң талаптарының бизнес үшін түсінікті әрі орындалатын болуын қамтамасыз етуге күш саламыз. Ортақ жұмыс кәсіпкерлердің сенімін арттырып, біздің бастамаларымыздың тиімділігін арттыратынына сенімдімін, – деді облыс прокуроры.